Бүгін аудандық мәслихат депутаты, мәслихат хатшысы Ш.Дуйсенгалиева облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәдени-даму және білім мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысына ZOOM форматында онлайн қатысты.

Күн тәртібінде БҚО денсаулық сақтау басқармасының және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ БҚО бойынша филиалының 2021 жылы атқарылған жұмыстары бойынша есептерін тыңдау және 2022 жылға қойылған мақсаттар туралы мәселелер қаралды.

Аудандық мәслихат депутаты, мәслихат хатшысы Ш.Дуйсенгалиева өз тарапынан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Г.Абдрахмановаға төмендегідей ұсыныстарын жеткізді:

- ағымдағы жылдың ақпан айының осы 15 күндігінде ауылдық округтарда өткен әкімдердің есептік кездесулеріне қатыстым. Сол кезде денсаулық саласы бойынша көтерілген негізгі мәселе: жедел жәрдем көліктерінің қажеттілігі. Ауданымызға жедел жәрдем көліктерінің алды 2003 жылы берілген болса, соңы 2018 жылы берілген.    

Сондай-ақ, Сырым ауданы Самара-Шымкент республикалық маңызы бар жол бойында орналасқан, осы жол бойында болатын жол-көлік оқиғалары болған кезде (Ақтөбе облысының шекарасына дейін) медициналық көмекті Сырым аудандық орталық аурухана қамтамасыз етеді. Осы трасса бойына тірек (опорный) пукнт қажет.

  • Ана мен бала денсаулығы, олардың өлімін болдырмау мақсатында ауданымызда бірқатар шаралар атқарылуда. Дегенмен, кеше ғана екі жүкті әйел Орал қаласына перинаталды орталыққа УЗИ аппаратына бара жатқан кезде жол апаты салдарынан қайтыс болды. Осы себепті де жүкті әйелдерді Орал қаласына жібермес үшін аудандық орталық ауруханаға УЗИ аппаратын сатып алу қажеттілігі туындап отыр. Ауылдық округтердегі жүкті аналар аудан орталығына келіп УЗИ аппаратынан өткізу қамтамасыз етілсе деген ұсынысым бар.
  • Сырым аудандық орталық ауруханаға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Оның ішінде аурухана лифтісі жұмыс жасамайды. Ал, аурухананың 3-ші қабатында операция блогы, терапия, хирургия бөлімдері орналасқан. Травматология бөлімі де хирургия бөлімінде. Ауыр халдегі науқастарды осы бөлімдерге жеткізу қиындық келтіріп келеді.