06.10.2022 жыл. Аудандық Қоғамдық кеңес отырысы өтті
Бүгін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қоғамдық кеңес отырысы өтті. Қоғамдық кеңеске аудан әкімі мен орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық мекеме, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, кеңес мүшелері қатысты. Жиынға қоғамдық кеңес төрағасы Асхат Дүйсенғалиев төрағалық етті.
Күн тәртібінде сегіз өзектілігі өткір мәселе қаралды. Сырым аудандық ауруханасының директоры Роза Тахамбетова денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды хабарлады. Ана мен бала саулығы, кадр мәселесі тапшылығы кеңестің талқысына салынды.
Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Айтқалиев әлеуметтік маңызы бар нысандардың қысқы маусымға дайындық жұмыстары және бөлім бойынша көрсетілген мемлекеттік қызмет жайын хабардар етті. Қоғамдық кеңес мүшесі Тауфих Елеубаев ауыз суға қатысты мәселелерді көтеріп, «Сырым» МКК жұмысына сын айтты. Қысқы маусымға дайындыққа қатысты аудандық білім беру басшысының міндетін атқарушы Әділ Ахметтен мектептердің жылу жүйесі туралы сұралды. Тасқұдық ауылдық мәдениет үйінің жылу жүйесі туралы Елтай ауылдық округінің әкімі Рашид Байыров, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсенов мәлімдеді.
Сырым аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Бағдат Сыдықов қоғамдық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті нығайтудағы жұмыстарды саралады. Жарыссөзге шыққан Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Айдынғали Балғалиев мал ұрлығына жазаны күшейту, жол бойында орналасқан ауылдарда бақылауды арттыру қажеттігі жөнінде пікірін білдірді. Қоғамдық кеңес мүшесі Тауфих Елеубаевтың Өлеңті ауылындағы істен шыққан бейнебақылау камералары туралы сұрағына баяндамашы «Өлеңті ауылындағы бейнебақылау камералары аудандық полиция бөлімінің теңгерімінде емес» деп жауап берді. Аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева аудан орталығындағы мектептер мен балабақшалардың алдына сары жолақ қою туралы ұсынысын ортаға салды.
Кеңес отырысында Жетікөл ауылдық округінің әкімі Айболат Нұрмұханов, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев, Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жайманов округтерде көрсетілген мемлекеттік қызмет сапасы туралы хабарлама жасады. Отырыста көтерілген әрбір мәселе бойынша қаулы алынды.
Қоғамдық кеңес жұмысын аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.
– Малдарды таңбалау, чиптеу жұмыстары туралы жуырда барлық ауылдық округ әкімдерін тыңдайтын боламыз. Бізде ұрлық жасаған адамның аты-жөні айтылмайды немесе жәбірленуші кешірім беріп жатады. Ұрлық жасаған адамды ел болып, ақсақалдармен, қоғам белсенділерімен бірлесіп тезге салуымыз керек. Жылыту маусымына келсек, ауданда бірде-бір мекеме маусымға дайындығы жөнінде құжатын тапсырмаған. Онсыз Сырым газ шаруашылығы жылу жүйесін іске қоспайды. 15 қазанда газ қосылмаған мекеме болса, шарасын аламыз. Аудандағы гинеколог, басқа да дәрігерлер тапшылығын шешу үшін уақытша облыстан аптасына екі рет дәрігер алдырып, тұрғындарды қабылдауын ұйымдастырамыз. Газ жөндейтін мамандар жетіспейтіндіктен, округтердегі жұмыссыз жастарды арнайы оқытып, даярлап, жұмысқа қабылдау жағын реттеу керек,- деді аудан әкімі.
Тілші, Шынар МОЛДАНИЯЗОВА
https://syrym-maslikhat.gov.kz/kz/audandy-o-amdy-ke-es.html#sigFreeId19268ba27b
22.04.2022 жыл. Қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева қатысты. Жиналысқа қоғамдық кеңес төрағасы Асхат Дүйсенғалиев төрағалық етті.
Күн тәртібіне қойылған мәселеге орай аудан әкімі Төлеген Төреғалиев баяндама жасап, 2021 жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды таныстырды.
2021 жылғы аудан бюджеті кірісінің көлемі 5 млрд. 728,7 млн. теңгеге жоспарланған болса, 5 млрд. 801 миллион теңгеге орындалды. Соның ішінде өзіндік кірістер 640,3 млн. теңге көлемінде жоспарланып, нақты аудандық бюджетке 712,9 млн. теңге түсті. Бюджеттің шығыс бөлігі 5 млрд. 693,4 млн. теңгеге немесе 99,4 пайызға игерілді. 2021 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға ауылшаруашылығы саласының қаржылық несие ұйымдары арқылы несие мен мал шаруашылығын дамытуға субсидия 757,2 млн. (440,4 млн. мал шаруашылығына төленген субсидия, 316,8 млн. теңге несие арқылы асыл тұқымды мал сатып алынды) теңге көлемінде берілсе, техника алуға шаруашылықтардан 609,3 млн. теңге қаражат жұмсалып мемлекет тарапынан 148,3 млн. теңге инвестсубсидия төленді.
Аудан бойынша жалпы алаңы 5494 шаршы метр, яғни 43 жеке тұрғын үй құрылысы жалпы соммасы 367,09 млн. теңгеге салынып, қабылданды. 2020 жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға артқанын байқаймыз. Сонымен қатар, алаңы 19500 шаршы метр болатын 18 жеке өндірістік қоғамдық ғимарат бой көтерді. Жымпиты ауылында жаяу жүргіншілер жолын жасақтау жұмыстары шеңберінде Сүйірбаев - С.Датов көшесі, Асадуллин-С.Датов көшесі және Мұхит, Қажмұқан көшелерінде барлығы 1,4 км жаяу жүргіншілер жолы жасақталды.
Аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиеваның аудандық мәслихат жұмыс туралы есебі тыңдалды. 2021 жылы 13 аудандық мәслихат сессиясы өтіп, онда 101 мәселе қаралды. Оның ішінде 24-і нормативтік құқықтық акті, яғни, мемлекеттік тіркеуден өткен. Былтыр мәслихаттың 3 тұрақты комиссияларында өңірдің өзекті мәселелері талқыланды. Депутаттардың партиялық фракциясы аудандағы құрылыстардың жайын бақылап отырды. Аудандық мәслихат депутаттары 110 жеке қабылдауда 163 азаматты қабылдады.
Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Асхат Дүйсенғалиев баяндамасында аудандық Қоғамдық кеңестің құрамында 15 мүше, 5 адамнан сайланған төралқа және 4 тұрақты комиссия жұмыс жасайтынын айтты. 2021 жылы аудандық Қоғамдық кеңесте өткен жылы 4 рет кеңейтілген отырыс, 10 рет төралқа отырысы өткізілді. Барлығы 24 мәселе қаралып, тиісті шешім қабылданды.
https://syrym-maslikhat.gov.kz/kz/audandy-o-amdy-ke-es.html#sigFreeIddc1261d01e
тілші, Шынар МОЛДАНИЯЗОВА