19.09.2022 жыл. Көшпелі отырыста – келелі мәселелер.
Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен көшпелі отырысы Қоңыр ауылында өтті. Отырысқа аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева төрағалық етіп, аудандық мәслихат депутаттары мен мекеме басшылары, Жосалы ауылдық округінің әкімі Батырғали Иманқұлов қатысты.
Комиссия отырысының күн тәртібінде Жосалы ауылдық округі бойынша проблемалық мәселелері қаралды. Ауылдық округ әкімі Батырғали Иманқұлов салалар бойынша ауылдың даму көрсеткіштерін баяндады. Өзекті мәселелерге кезек келгенде: «Ауылдың сарып ауруына ұшыраған малдарына шара алу, бұқырлап, залалсыздандыру керек»,- деді Шынар Сайлауқызы. Сондай-ақ, ауылға кіре беріс жолға әктас төсеу немесе жол тазалайтын техника алудың бірін шешуді жүктеді.
Ауылдық округтің мәселелері хаттамаға түсіріліп, аудан әкіміне жеткізіледі.
Отырыста қосымша білім беру ұйымдарының есептері тыңдалды. «Жас туристер» станциясының директоры Бейбіт Батыршин, «Балалар-жасөсірімдер шығармашылық орталығының» директорының міндетін атқарушы Гүлшат Нұрмұханова, «Балалар саз мектебінің директорының міндетін атқарушы Дархан Қажғалиев қосымша білім беру орталықтарының өткен оқу жылында атқарған жұмыстары мен биылғы оқу жылында жасалатын жұмыстары туралы хабарлама жасады.
«Жас туристер» станциясының шәкірттері жоспарлы шаралардан бөлек қайырымдылық істерге де белсене атсалысып, жалғызбасты қарияларға қолғабыс етті.
«Балалар-жасөсірімдер шығармашылық орталығының» ұйымдастыруымен 2021-2022 оқу жылында республикалық, облыстық олимпиада, байқау, жарыстарда үздік танылған 209 оқушы «Жас дарын-2022» шарасында аудан әкімінің алғыс хатына ие болды. Тоғыз кезеңдік Бұлан ауылындағы «Достық» жазғы демалыс лагерінде 22 ауыл мектебінен 450 бала демалды. Басталған оқу жылында атқарылатын шаралар қатарында заманауи бағыттағы үйірмелер ашу, ғылыми жобамен айналысатын оқушыларды қолдау бар.
Туризм саласы бойынша өзекті мәселе – ғимарат тапшылығы болса, балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығына ерекше күтімді қажет ететін балаларды байқауларға шығару, Бұлдырты ауылына хореграф маман табу секілді ұсыныстар айтылды. Саз мектебіне күй үйірмесін жандандыру керек деген пікір білдірді халық қалаулылары.
Ш.Дүйсенғалиева тиісті сала басшыларынан Жосалы ауылдық округінің қысқы мерзімге дайындық деңгейін де сұрады. Жосалының ауыз суын реттеу үшін қыс мезгіліне орай сусорғы алынып, қосымша екі скважина іске қосылатыны туралы «Сырым» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының басшысы Тұрарбек Нұрғалиев мәлімдеді. Ауылда фельдшер маманының тапшылығы да әлі шешімін таппай тұр. Жосалы ауылына кіре беріс км жолға арнап, бөлек жоба дайындау туралы да мәселе көтерілді.
Отырыстан кейін мәслихат депутаттары А.Жұмағалиев орта мектебіне бас сұғып, жөндеу жүргізілген спорт және акт залдардың сапасын көрді. Балабақша мен асхананың да жағдайымен танысты.
Түстен кейін аудандық мәслихат депутаттары Көгеріс ауылында қоғамдық қабылдау өткізіп, халықтың ұсыныс-пікірлеріне құлақ салып, назар қойды. Айта кетейік, бұған дейін депутаттар көктем мезгілінде Көгеріске қабылдауға шыққанымен, жолдың нашарлығынан жете алмаған болатын. Тұрғындардың сұрауына аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева сөзінде тұрып, елді мекенде қабылдау ұйымдастырды. Халық қалаулыларымен қатар аудандық аурухана, білім беру бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, жер қатынастары бөлімдерінің, жұмыспен қамту орталығы, «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшылары да тұрғындарды қабылдады.
Көгерістік ағайындар жайылымдық жер, балабақшаның материалдық базасы, «Таза су» бағдарламасының елді мекенге келу мерзімі, медпункттің күрделі жөндеуін көтерді. Мектеп ғимаратына спорт зал, акт зал қажеттігін, кітапхана бөлмесінің тарлығын шешу мақсатында ауыл тұрғындарының күшімен салынған ғимаратты мектепке алу қажет деп санайды тұрғындар. Жол мәселесіне орай тиісті сала басшылары ауыл тұрғындарының сауалдарына қолданыстағы заңның аясында түсінік берді.
Тілші, Шынар МОЛДАНИЯЗОВА
https://syrym-maslikhat.gov.kz/kz/zhanaly-tar/963-19-09-2022-zhyl-k-shpeli-otyrysta-keleli-m-seleler.html#sigFreeId9f4d877588