Бүгін аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева бастаған бір топ Сырым аудандық мәслихатының депутаттары, бөлім басшылары Қосарал ауылында көшпелі комиссия отырысын өткізді.

Жиында ауылдық округ көлемінде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер жайлы ауыл әкімі Айболат Нұрмұханов, өз салалары бойынша Тимур Айтқалиев, Руслан Усағалиев баяндама жасады.

Ауыл әкімінің сөзіне сүйенсек, мектеп жанындағы интернат балаларын мердігер болмауына байланысты тамақпен қамту қиындық туғызып тұр.

Одан бөлек, Қосарал ауылындағы ұзындығы 1,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолы жасақтауға арналған жобалық-сметалық құжаттары дайын екендігін тілге тиек етті.

Ағоба, Қарақұдық, Жетікөл елді мекендерінде электр желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу керектігін тұрғындар да тілге тиек етті.

- Алдағы аптада электр желілеріне жөндеу жұмыстары басталатын болады,- деді мәслихат хатшысы аталмыш мәселе жөнінде.

Айболат Сақтағанұлы алдағы жылдардың еншісінде мал бордақылау алаңын салу, асыл тұқымды ірі қара басын көбейту, мал азығы үшін екпе шөп егу жұмысын қолға алу секілді мәселелер күн тәртібінде тұрғанын тілге тиек етті.

Жетікөлдік ағайынның ақжолтай хабарының бірі Сырым бабамыздың 280 жылдық мерейтойына орай республика көлеміндегі іс-шаралар, ақындар айтысы, шешендік сөздер сайысы секілді бірқатар мәдени шаралар өткізілмекші.

Қосарал ауылында С.Датұлы атындағы орталық саябақта балаларға арналған ойын алаңы мен сыртқы сахна маңына орындықтар орнатылып, жарықтандыру да қолға алынбақ.

Шынар Сайлауқызы жиындағы өзекті мәселелерді біртіндеп шешуді тиісті сала басшыларына тапсырып, қадағаланатынын ескертті.

Депутаттар ауылдағы мәдениет үйінің ахуалымен танысып, дүкендегі азық-түлік бағасына да баса назар аударды.

Бірінші сортты нан бағасы-230 теңге болса, сұйық майдың литрі 1000 теңге, қанттың келісі 770 теңгені құрап отыр.

Ол аз десеңіз, мерейтойды марқайып, мақтанышпен өткізуге мәдениет үйінің іші-сыртындағы сөгілген қабырғалар еңсені басып тұр.

-Елге мәдени іс-шаралар барысында келетін қонақтарды абыроймен, жарық, бүтін ғимаратта қарсы алғымыз келеді, -деген тілегін білдірді Жетікөл ауылдық мәдениет үйінің директоры Жәкен Маева.

Айжан БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, тілші

Сырым ауданы