07.10.2021 жыл. Музей ғимараты мен жол жөндеу жұмыстарын тексерді. 

 

Бүгін аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева бастаған мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелерінен және «Ақжайық Адалдық алаңынан» құралған комиссия ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатқан музейді және О.Исаев көшесіндегі жаңадан салынған жолды қарап, сапасын тексерді.

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, Алашорда көшесіндегі музейге бейімделіп, жөндеуден өтіп жатқан ғимараттың бірінші қабатында лекция залы бар. Мұнда музей сағаты өтеді және мектептегі мұғалімдер келіп сабағын өткізе алады. Ауыспалы көрме залдары бар, онда басқа жақтың музейлері 1-2 ай көрме ұйымдастыруларына мүмкіндік бар. Үш қор бөлмесі бар, онда қордағы жәдігерлер жиналады. Қордың бір бөлмесі қағаздар мен кітаптарға, екіншісі ағаш жәдігерлерге, үшінші қор бөлмесі киіздер мен киімдерге арналады. Экскурсводтардың бөлмесі, киім бөлмесі, қор қызметкерінің бөлмесі де төменгі қабатта. Мұнда қор қызметкері келген жәдігерлерді нөмірлеп, актілеп, төрт жерге тіркеп отырады. Екінші қабатта музей экспозициясына арналған бес зал орналасқан. Этнография залы киіз үймен жабдықталып, ұлттық нақышта безендіріледі.

Музейдің алдына өрнектас төселіп, артқы жағы асфальтталып, айналасы қоршалып, көгалдандырылады. Су келіп тұр. 15 қазанға дейін көгілдір отын да қосылады. Ішкі әрлеу жұмыстары аяқтала келді. Ғимарат әзірге аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің теңгерімінде. Жұмыстың барлығы аяқталған соң, ғимарат музейдің теңгеріміне беріледі. Сол кезде кассир, аула сыпырушы, музей қараушысы секілді штаттар ашылады.

«Компания Строй Индустрия» ЖШС учаске бастығы Темірлан Насиболланың мәлімдеуінше, 15 қазанда музейдің күрделі жөндеуі 100 пайыз аяқталады.

Аудандық мәслихат депутаттары музейдің артқы есігін ағаштан темірге ауыстыруды ескертіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілетін кезде тағы қадағалайтындықтарын айтты.

Одан кейін комиссия жуырда салынып біткен О.Исаев көшесіндегі жолды қарады. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Айтқалиевтың айтуынша, жолдың ұзындығы 1,2 км. Сарапшылар асфальттың қалыңдығы 10 см-ден асатынын тексеріп кетті. Жолдың жиегі – стандартқа сай 1 метр. Жол белгілері түгел қойылды. Бас мердігер «Астрадор» ЖШС болса, қосалқы мердігер – «РСУ Транс» ЖШС. Жолдың астына су жүретін құбырлар да салынған.

Аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева жолы жаңадан салынған О.Исаев көшесіне жарықшамдар қою қажеттігін айтты.

Келесі жылы Қ.Сүйірбаев көшесіне жол салынып, Қособа ауылына шығатын жолға дейін қосу жоспарланған.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА, тілші