Кеше Сырым ауданында инватакси қызметін бастады.

Инватакси – аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың көтеріп жүрген негізгі мәселесі. Әсіресе арбадағы жандар үшін қалыпты көліктермен қатынау ыңғайсыз, оларға арнайы такси керек - ақ.

Ерекше дамуы бар балалармен 20 жылдан астам уақыт жұмыс атқарған педагог, Сырым ауданындағы педагогикалық – психологиялық түзеу кабинетінің меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты Айда Ниязғалиеваның да сайлауалды бағдарламасында инватакси жұмысын енгізу жайы айтылған еді.

Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі инватакси қызметін «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалымен келісімшарт жасасу арқылы ұйымдастырып отыр. Бөлімнің бас маманы Бағыжан Беляловтың айтуынша, шарттың құны 1, 5 млн теңгені құрайды.

Сырым ауданында ресми 624 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Біздер де – қоғамның тең өкіліміз. Қоршаған орта мен қоғамдық орын біздің де ортақ игілігіміз. Дегенмен, арамыздағы зағиптар, жүру, қозғалу мүмкіндігінен айырылған жандар қалаған жеріне қатынай алмай жатады. Негізгі мәселе – ыңғайлы көлік жоқ. Осы мәселені басшылық тараптың назарына ұдайы ұсынып келеміз. Міне, шешімін тауып жатыр.

Инватакси аудан бойынша қызмет атқарады. Қызмет – тегін. Бір күн бұрын диспетчерге хабарласып, сапарының уақытын, маршрутын айтып қою керек. Көлік жіберіледі. – дейді жоғарыда аталған ұйымның Сырым ауданындағы өкілі Жәрдем Мұхамбетжанов.

Арбаны көтеріп – түсіретін аппаратпен жабдықталған Wolksvagen Transporter маркалы инватакси алғашқы күні Өлеңті ауылының тұрғыны Назыкеш Төлеуованы Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп – бөбекжай – балабақша кешеніне және аудандық ауруханаға апарды.

Айтпақшы, диспетчер номері 8 777 061 8448.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы