Тәуелсіз еліміз үлкен тарихи кезеңді бастан өткеруде. Мемлекетімізді азат ел ретінде қалыптастырған әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атқарған еңбегі тұтас бір тарихи кезеңді қамтиды. Биылғы жыл еліміз үшін елеулі оқиғаларға толы жыл болды.
Солардың бірі де бірегейі «Nur Otan» партиясының 20 жылдығы және ҚР мәслихаттарының құрылуына 25 жыл толып отыр. Бүгінгі күні аудан орталығында қос мерейтой кең көлемде аталып өтті. Салтанатты шараға ардагер депуттар мен әр жылдары мәслихат хатшысы қызметтерін атқарған ардагер басшылар қатысты.
Алдымен жиналған қауым дана бабамыз С.Датұлы, абыз ақын Қ.Мырзалиев және Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Аудандық С.Датұлы атындағы тарихи – өлкетану мұражайына саяхат жасап, тарихи жәдігерлермен және арнайы жинақталған фотокөрмелерді тамашалап, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке тағзым жасап, ағаш отырғызды.
«Nur Otan» партиясының 20 жылдығы және ҚР мәслихаттарының құрылуына 25 жыл толуына орай оздырылған салтанатты шара аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Сайлауқызы және облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар қонақтарды айтулы мейраммен құттықтап, аудан орталығында атқарылған іргелі жұмыстарға, оның ішінде «Nur Otan» партиясы мен аудандық мәслихат жанынан атқарылған іс – шараларға тоқталып өтті. Шынар Сайлауқызының сөзіне сүйенсек, биылғы жылы қос мерейтой аясында жыл бойына аудан көлемінде іргелі шаралар өз жалғасын табатын болады. Аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапқан шара барысында бірқатар азаматтар Сырым ауданының Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің Алғыс хатымен,Батыс Қазақстан облыстық мәслихат хатшысының Алғыс хатымен, «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасарының Алғыс хатымен және аудандық мәслихат хатшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты шара аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасын тапты.
Ш.Молданиязова – тілші
https://syrym-maslikhat.gov.kz/kz/zhanaly-tar/623-8765-3.html#sigFreeIda6d0dd1f0a