Бүгін Сырым аудандық мәслихатының депутаттары мен аудандағы қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері Жымпиты ауылындағы кейбір құрылыс нысандарының басында болып, жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Нысандарды Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов таныстырды.
Ауа – райының қолайсыз кездері Қарасу мөлтекауданының тұрғындары үшін көлік қозғалысы түгілі, жаяудің жүру батпан бейнетке айналады. Кейінгі жылдары бұл мәселеге жергілікті биліктің де нақты назары ауды. Биыл Қарасу мөлтекауданының кіреберісіндегі Қолғанатов көшесі мен іргелес жатқан Асадуллин көшесіне жаңадан жол салынды. Көшелер жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолының құрылысы да аяқталды.
Қарасумөлтек ауданы үшін тағы бір тиімді құрылыс - О. Исаев көшесін С. Датов атындағы орталық көшемен байланыстыратын жаяу жүргіншілер жолының құрылысы. Жолдың жалпы ұзындығы – 760 метр. Жұмыстар қыркүйек айында басталды. Бір жерге жолаушылар көпірі орнатылды. Қазіргі күні беткі жабыны төселу үстінде. Қоғамдық тексеріске қатысқан аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестің мүшелері жаяу жүргіншілер жолының құрылысы сапасыз деген қорытындыға келді. Себебі, жолдың табанындағы тастар нығыздалмаған, бос. Әрі жолдың беткі жабыны өте жұқа. Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева депутаттар мен қоғамдық кеңестің мүшелері жаңағы олқылықтарды қалпына келтіру және жұмысты сапалы атқару туралы тиісті орындарға сұраулар салатын мәлімдеді. Айта кетейік, құрылыс жұмыстарына «Жайық СИТИ» серіктестігі жауапты.
Осы жылдың шілдесінде О. Исаев және Асадуллин көшелерінде бірпәтерлі жалдамалы 14 тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Халық қалаулылары бұл жұмыстардың да жүру барысымен танысты. Құрылыс нысанындағы мердігер серіктестік «Сәтті сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапты өкілі Мәлік Қуанышқалиевтің айтуынша, құрылыс жұмыстары 65 пайызға орындалыпты. Барлық үйдің қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылған. 6 үйге жылыту жүйесі орнатылған. Құрылысшылар енді ішкі сылақ жұмыстарына кірісіп жатыр. Жобаның жалпы құны – 134 млн теңгені құрайды.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы