Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Сырым ауданының әкімі болып Төлеген Серікқалиұлы Төреғалиев тағайындалды.
Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХYІ сессиясына қатысып, Сырым ауданы әкімі лауазымына Төлеген Серікқалиұлы Төреғалиевтің кандидатурасын ұсынды. Аудандық мәслихат депутаттары облыс әкімінің ұсынысын бірауыздан қолдады.
Сырым ауданын төрт жыл бойы басқарған, бүгінде Қазталов ауданының әкімі лауазымындағы Абат Шыныбековке абыроймен атқарған қызметі үшін облыс әкімі Алтай Көлгінов алғысын білдірді. Жаңадан тағайындалған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевті аудан активіне таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Актив жиынында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Г.Ерғалиева, қоғамдық кеңес мүшесі А.Жүсіпов, қоғамдық кеңестің төрағасы А.Дүйсенғалиев ауданның бұрынғы әкімі Абат Абайұлына қимастық сезімдерін білдіріп, он жыл аудан әкімінің орынбасары қызметінде болып, бүгінде Сырым ауданының әкімі деңгейіне еңбегімен көтерілген Төлеген Серікқалиұлының жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Қаналиев А.Шыныбековке әкелік батасын берді. А.Шыныбеков өзі төрт жыл басқарған халқына қоян-қолтық қызмет атқарғаны үшін алғысын білдіріп, Сырым елімен қашан да мақтанып жүретінін айтса, Т.Төреғалиев өзіне жүктелген жауапкершілік жүгі мен сенімді ақтайтынын жеткізді.
Төреғалиев Төлеген Серіққалиұлы 1960 жылы 29 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Бұлдырты ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1983 жылы Орынбор ауылшаруашылық институтын зоотехник мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1977 жылы Бұлдырты совхозының №2 бөлімшесінде жұмысшы болып бастаған.
1983-1984 жылдары - Жосалы совхозында еңбек жөніндегі экономист болып жасаған.
1984-1985 жылдары - Жосалы совхозының №3 бөлімшесінде зоотехник болды.
1985-1986 жылдары - Бұлдырты совхозының №2 бөлімшесінде зоотехник болды.
1986-1987 жылдары - Жосалы совхозының бас экономисті.
1987-1994 жылдары - Жымпиты ауданы, Жосалы совхозында бас зоотехнигі қызметін атқарды.
1994-2006 жылдары - Сырым ауданы, «Ақжол» шаруа қожалығының жетекшісі.
2007 жылдың қаңтар айынан сәуірге дейін Сырым ауданы, Жосалы ауылдық округінің әкімі болды.
2007 жылдың 30 сәуірінен бастап, бүгінге дейін аудан әкімінің №37 өкімімен аудан әкімінің агроөнеркәсіп кешені, кәсіпкерлікті дамыту және құрылыс жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.
Шынар Молданиязова