«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының талаптарына сәйкес Қособа ауылдық округіне шақырылған аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.
Оған дейін мәслихат депутаттары ауылдық округтегі Жырақұдық негізгі, Қособа орта мектептеріне барып, жаңа оқу жылындағы жағдайымен танысты, кейін Жырақұдық ауылында жаңадан салынған спорт алаңын көрді.
Аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиеваның төрағалығымен өткен жиында Қособа ауылының әкімі Бейімбет Жайманов ауылдық округтегі проблемалық мәселелер мен алда тұрған жұмыстарға тоқталса, аудандық тұрғын-үй коммуналдық, шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Айтқалиев «Таза су» бағдарламасының орындалуы, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиев жұмыспен қамту орталығының биылғы жарты жылдығында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Жоғарыда аталған күн тәртібіндегі мәселелер бойынша, депутаттар Жырақұдық, Қособа ауылдарындағы құрылыс нысандарын, мектептер мен шағын орталықтардың да жай-күйімен танысты. Ауылдық округ әкімі Бейімбет Есетұлының айтуынша, «Туған жер» бағдарламасы аясында Қособа орта мектебінің 1981 жылғы түлектері мектеп айналасына 20 түп ағаштар отырғызса, Жырақұдық ауылынан 2002-2007 жылғы түлектер саябақты қоршап 17 түп жеміс ағаштарымен жалпы саны 57 түп ағаш екті.
Жекелеген шаруа қожалықтары да ауылдың тазалығына өз үлестерін қосқан. «Имран» жеке кәсіпкерлігінің техникасымен ауыл тұрғындары өз қаражаттары арқылы 2000 тонна қоқыс шығарып үлгерген болса, «Бисен», «Нұрым» шаруа қожалықтары ауыл ішін тегістеу жұмыстарын жүргізген. Қособалықтар үшін алдағы уақытта «ақ түйенің қарны» жарылатын күннің де ауылы алыс емес.Комиссия отырысында тұрғын-үй коммуналдық, шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Саламатұлының сөзіне сүйенсек, Қособа ауылдық округіне кірме жолдың жобалық-сметалық құжаттарын алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу бағдарламасына ұсынып, сәйкесінше 29 шақырымдай кірме жол жөнделмекші екендігі мәлім болды.
Одан бөлек, ауыл әкімі алда тұрған жоспарларға сәйкес ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатырған жұмыстарды, Жырақұдық ауылындағы балалар ойын алаңының, салынып жатырған мешіттің құрылысын аяқтау, «Кар-Тел» ЖШС интернеттің жылдамдығын жақсарту туралы жолданған хатқа сәйкес 4G орнату жұмыстарының күн тәртібінде тұрғанын айтты.
Айжан АМАНГЕЛДИНА, тілші
https://syrym-maslikhat.gov.kz/kz/t-ra-ty-komissiyalar/941-deputat-k-ni-k-shpeli-komissiya-otyrysy-osobada.html#sigFreeIddce5231975