02.04.2021 жыл. Мектептегі кездесу

 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған тұжырымдама аясында Сырым аудандық мәслихат депутаттары өз жоспарларын ұсынған болатын. Осы тұжырымдаманы таныстырып, Қазақстанның мемлекеттілігін, Қазақстан халқының бірлігін сақтау және нығайту, азаматтардың патриоттық сезімін күшейту, тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі Қазақстанның жетістіктері мен табыстарын паш етуге арналған іс – шаралардың өтілуі туралы алғашқы ұжымдық кездесу өткіздім.

 

Аудандағы іргелі ЖББ Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп – бөбекжай – балабақша кешенінің жастарымен кездесіп, олардың да аманат тілектерін біліп қайттым. Отансүйгіш жас ұстаздардың бойындағы еңбекке деген құштарлықты көріп, туған жердің бір кірпіші болып қалануға дайын олардың да айтар ойлары мен уәждеріне құлақ түрдім.

 

Аудандағы іргелі мектептердің тарихын сақтап, оны жастарға насихаттау мақсатында арнайы мектеп тарихын жазып жинақ басып шығаруды қолға алуды сұраған жастардың ойлы ұсыныстары жаңа жобаларға жол нұсқап тұрғандай. Жымпиты ауданы болған тұстан әрірек 130 жылға аяқ басқан білім беру ісінің тарихы талай ақтаңдақтарға толып тұрғаны рас. Әр мектеп өздерінің тарихнамасын жаза отырып, келешекке үлкен мұра қалдыратыны анық. Шағын жинаққа басылған мектептер тарихы аудандағы білім беру жолындағы бірнеше буын ұстаздардың өміржолдарын жарыққа шығаратын болады. Ол кез келген мектеп музейіне таптырмас құнды ақпарат көзі болса, келешек жас ұрпақ үшін тасқа басылған тарих болып, мирас қорға айналатын болады.

 

Осы постты жаза отырып Сырым ауданындағы барлық мектептерге өз тарихтарын түгендеуге және оны алдымен шағын жинақ болсада басып шығаруға жұмыстануға шақырамын. Сонымен қатар, ауданымыздағы мектептерде берілетін өлкетану сабақтарының мазмұны мен құрылымын қайта қарап, арнайы қамқоршылық кеңеспе, болмаса мектептегі пед кеңестер бар ақылдасып «Сырымтану» мен «Жаһаншатану» курсын жандандырсақ деймін. Жалғыз осы мектепте ғана Жаһаншатану курсы өтетіні жас ұстаздарды алаңдатып отырғанын байқадым. Сырым мен Жаһанша біздің ауданның құнды мұрасы. Ата бабалар ерлігін насихаттауда біз алғашқы болып үн қатуға тиіспіз. Олай болса осы Ж.Досмұхамедов атындағы мектептің іс – тәжірибесі «Жаһаншатану» курсын неге аудан, облыс көлемінде таратпасқа?! Бұл мектепке қатысты ой пікірлер болса, ауыл ішіндегі шағын жолдар мен бұрылыстардағы жол мәселелерінде айтуды ұмытпай аманаттаған ұжымға менде өз тарапымнан алғыс білдіріп, оларды бірлесіп шешуге қолдау білдіруге шақырдым. Шыны керек аудан мектептерінің өсіп өркендеу жолы мен оның мәселелері күн тәртібінен түспеуі керек деп есептеймін.

 

Облыстағы көптеген білім беру ошақтарына танымал тұлғалардың атын беру үрдісі басталып, қуанышты хабарға көзайым болып жатырмыз. Сол үрдіс бізде де жалғасып, Аралтөбе орта мектебіне Жәрдем Тлековтың атын беруге ұсыныс берсек қалай болады?! деп ойлап отырған жайым бар.

 

Осы кездесуді өткізуге қолдау білдірген мектеп басшылығына алғыс айта отырып, айтылған аманаттарыңыздың орындалуы басты назарда болатынын айтқым келеді. Достар алдағы аптада 6 – 7 сәуірде екі қабылдау өткізетіндігімді де еске сала отырып жазбамды аяқтаймын!

 

Аудандық мәслихат депутаты

Ойшыбаева Айнагүл