Бүгін Сырым ауданында аудандық мәслихаттың ХХХХVII сессиясы өтіп, күн тәртібінде Сырым аудандық білім беру бөлімінің ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарламасының орындалуы туралы Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Дайыр Қадыровтың баяндамасы тыңдалды.

- 2018 – 2019 оқу жылында аудандағы барлық 22 білім беру мекемесінде бастауыш сынып оқушылары түгел және 5 – 11 сынып оқушыларының арасынан аз қамтылған жанұялардың балаларын қос есептгенде, барлығы 1882 оқушы бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасуда. – деді бөлім басшысы өзінің баяндамасында. Осы сөз аудандық мәслихат депутаттарының сынына ілікті.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиеваның айтуынша, аудандық мәслихат депутаттары осыған дейін аудан мектептерінің асханасына қоғамдық бақылау жүргізген. Нәтижесінде, мектеп асханаларының жұмысы сын көтермейтіні анықталған.
- Мектеп асханаларында күнделікті бекітілген меню сақтала бермейді. Менюде бөлек тамақ көрсетілген, ал оқушының дастарханында басқа тамақ. Асханаларға тамақ жеткізетін мердігерлер де ала – құлалық танытуда. Бір жеткізуші екі мектепке екі түрлі балық апарыпты. Бұлай болмайды. – деді Шынар Дүйсенғалиева. Депутаттар Талғат Дарғожиев пен, Айда Ниязғалиева да қоғамдық бақылау барысында оқушыларға сапасыз тамақ жеткізілетінін байқаған.

Сырым ауданының әкімі Т. Төреғалиев мектеп директорлары мен мердігерлерге талапты күшейтуде, анықталған олқылықтарды түзетуді тапсырды.

 

✍Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы