Сейсенбі күні өткен аудандық қоғамдық кеңестің отырысында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің есебі тыңдалды. Аудан әкімі Сырым ауданының 2018 жылдағы әлеуметтік – экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, сондай – ақ кеңес мүшелеріне биыл жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды.

 

Кейінгі жылдары аудандағы ауылшаруашылығы саласы қарқынды даму мен жаңа жаңалықтарға кенелді. Мәселен, ауылшаруашылығы саласының цифрлануы Сырым ауданында жақсы қарқынмен жүзеге асып, күні бүгін 18 шаруашылық GPS – трекер құрылғысын пайдаланатын, яғни түлігін ғаламтор арқылы бақылайтын жағдайға жетті. 2018 жылы «Жәдік» шаруа қожалығы шаруашылығына ел арасында «ұшатын бақташы» деген атауға ие болған дрон аппаратының қызметін қолданысқа енгізді. Ауданда осындай 3 бірдей шаруашылық электронды мал бағу құрылғысын қолдануда. Аудан ауылшаруашылығындағы ауқымды істердің қатарына асыл тұқымды мал шаруашылығы дамуы да жатады. Бүгінгі күні аудандағы ірі қара малдың 7, 9 пайызы асыл тұқымды ірі қараға жатады.

 

Аудан әкімінің баяндамасында ауданда жаңа бизнес жобалар жүзеге асырылатынын, нақтырақ айтқанда, 2019 жылы Жымпиты ауылынан жаңа жанар – жағармай кешені, ал Алғабас ауылынан құс фермасының құрылысы басталатынын айтты. Бұл екі жоба бойынша әзірге тек жер телімін рәсімдеу жұмыстары ғана аяқталған. Осы сияқты 2019 жылы Сырым ауданында Жастар жылына орай жастар коворкинг орталығы мен жастарға қызмет көрсету орталығын ашу, жастар саябағын салу секілді бірқатар ауқымды істер атқарылады.

 

Әкімнің есебінен кейін, қоғамдық кеңестің отырысында аудандық мәслихаттың хатшысы Ш. Дүйсенғалиева, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы А. Дүйсенғалиев мәслихат пен кеңестің жұмысы туралы, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Қ.Ишанғалиев 2018 жылы аудан бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтің сапасы туралы баяндама жасады.

 

Отырысты аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ («Сырым елі» газеті)