Кеше, 18.07.2018 жылы, әкімдіктің үлкен мәжіліс залында Сырым аудандық мәслихатының кезекті ХХҮІІІ сессиясы өтті. Осы сессияда мәслихат депутаттары Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің жартыжылдық жұмысы жөніндегі есебін тыңдады.


Аудан әкімі мәлімдегендей, 2018 жылдың 6 айы ішінде ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуында ілгерілеу байқалып отыр. Мәселен, ауылшаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 1, 4 пайызға артқан. Оның ішінде ет және сүт өнімдері өзара теңдікті ұстап тұр. Мал басында да жақсы өсім бар екен. Әсіресе, сиыр 2, 6 пайызға, жылқы 13, 9, түйе 14, 8 пайызға өскен. Тек ұсақ малдың басы кеміген. Қой биыл 11 пайызға азайып отыр. Аудан бойынша мал азығын дайындау жұмыстарының орындалуы қазіргі сәтте 23, 7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш күн сайын өзгеруде.


Сырым ауданының еңбек нарығында оң өзгерістер болып жатыр. Осы айдың басында Жымпитыда халықты жұмыспен қамту орталығы ашылғанын жазған болатынбыз. Орталық арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша бүгінгі күні 12 адам 29, 6 млн теңге несие алыпты.


Төлеген Төреғалиев ағымдағы жылдың ІІ жартыжылдығында Бұлдырты ауылындағы ауыз су құбырларын жүргізу және тұрғын үйлерді ауыз суға қосу, 5 елді мекендегі әлеуметтік нысандарды газдандыру, Қособа ауылындағы клубтың құрылысы мен Өлеңті ауылының кірме жолының күрделі жөндеуі жұмыстарды уақтылы әрі сапалы аяқтау сияқты мәселелер тұрғанын айтты.


Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің есептік баяндамасына қатысты аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері оң пікір білдіріп, кейбір ұсыныстарды да ортаға салды. Аудандық мәслихат депутаты Асхат Дүйсенғалиев аудан орталығына «HalykBank» - тың тағы бір банкоматы әрі банк орналасқан А. Жұмағалиев көшесінің жолына жөндеу керек дейді. Жосалы ауылдық округінің қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Асан Жүсіпов Қоңыр, Тамды ауылдарына баратын ауыларалық жолға бор төсеуді сұрады.


Сессияның күн тәртібінде Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиева балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы хабарлама жасады. Биыл жазғы демалыс лагерлерінде 2742 оқушы (яғни, ауданның жалпы оқушылары санының 99, 3 пайызы) демалыспен қамтылады деп жоспарланған. Білім беру бөлімінің басшысы өзінің хабарламасында аудандық «Достық» лагерін күрделі жөндеу, «Жас туристер станциясы» мекемесіне жаңа «ПАЗ» автокөлігін алу мәселелерін айтты. Аудандық мәслихаттың депутаты, педагог Роза Ихсанова лагерь оқушылары үшін Қазақстанның, тіпті Ресей Федерациясының іргедегі қалаларына саяхат ұйымдастыру керек деген пікірде. Педагог Шалқар көлінің жағасынан да сырымдық оқушылар үшін стационарлы лагерь салуды ұсынды. Ал аудандық мәслихаттың тағы бір депутаты Серік Тоқмамбетов «Достық» аудандық балалар лагерін толық ауысымды жұмыс режиміне ауыстыру керек деген ұсыныс айтты. Себебі, жазғы демалыстан бөлек, оқушыларға қысқы демалысына да көңіл бөлу керек. Депутат лагерьдің жыл бойы толық ауысымда жұмыс жасауына ешқандай кедергі жоқ деп есептейді. Депутаттар лагерь ауласындағы бассейнді жаңарту туралы мәселені де көтерді.


Сессияда аудандық мәслихаттың кейбір шешімдеріне, соның ішінде 2018 – 2020 жылдарға арналған аудандық бюджетке өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.


Отырысты қорытындылаған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев баяндамаға қатысты кейбір сұрақтарға жауап берді. Кейін өкілеттілігі тоқтаған аудандық мәслихаттың депутаты Досжан Тайшиевке халық қалаулысы есебіндегі қызметі үшін алғыс айтып, құрмет хатын тапсырды


тілші Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы