Тазалықты сақтау, оған айрықша мән беру әрбір адамның туған жеріне деген жанашырлықты қажет етеді. Әсіресе ауыл тазалығын сақтау өте маңызды шаруа екені айтпаса да түсінікті. Ауылды таза ұстау арнайы мамандарға да, ауыл тұрғындарына да жүктелген міндет.
Өткен жолы хабарлағанымыздай, аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева мен мәслихат депутаттарының бастамасымен, құрамында ауылдық әкімшілік,көше комиттері,ішкі істер бөлімі, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан құрылған арнайы комиссия мүшелері көше тазалықтарын қарап шықты.Байқағанымыз бойынша, ауданымызда апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылғанына қарамастан,көпшілік азаматтар бұл тұста осалдық танытуда. Олай дейтініміз, ауласынан шыққан түрлі қоқыстарды кез – келген жерге төгіп, жөндеріне кете баратын тұрғындар баршылық. Момышұлы, Майлин және Байжанов көшелеріндегі су каналдары құдды қоқыс алаңы іспеттес. Сайып келгенде, ауылдың ластануы денсаулыққа зиян екендігі айтпаса да белгілі. Бүгінгі көше тазалықтарын қадағалау барысында қора – қопсы, қала берді тұрмыстық қалдықтардан қалған қоқыстарды көшенің дәл ортасына шығарып, көзге түскен жеке үйлердің иелеріне ішкі істер бөлімінің қызметкерлері арнайы ескерту қағазын толтырды. Заңға сәйкес, ескерту берілген күннен бастап, 10 күн ішінде нәтиже болмаған жағдайда, үй иесі айыппұл төлейтін болады.Сонымен қатар аталған көшелердегі каналдар су тасқыны кезінде су жүретіндіктен, қоқыстармен толған жағдайда су басу қаупін туғызады. "Ауыл көркі – өз көркің» деген сөздің түп төркіні әр ауылдың, әр елді мекеннің ажары оның әрбір тұрғынына, ондағы үлкенді – кішілі кәсіпорын – мекемелердің ұжымдарына қатысты екенін аңғартады. Ендеше, ауданның тазалығына жұмылған жұдырықтай ауызбіршілікпен қарап, баса көңіл бөлген жөн деп есептеймін. Және осындай көше тазалықтарын бақылау жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
тілші, Мархат Гумарова