Жымпиты ауылдық округі әкіміне үміткерлердің сайлауалдындағы үгіт жүргізу мақсатында таңдаушылармен – мәслихат депутаттарымен кездесуі өтті. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева төрағалық етіп, аудандық сайлау комиссиясының төрағасының орынбасары Салауат Нұрпейісов қатысты. Күн тәртібіндегі мәселеге сай әрбір үміткер сайлауалды бағдарламасын ортаға салды.
Жымпиты ауылдық округі әкіміне үміткер Баяндықов Арман Толқынұлы әкім болып сайланған жағдайда Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттар арқылы округтің дамуына ықпал ету, тұрғындардың әл-ауқаттарын арттыру, жұмыссыз азаматтарды мемлекеттік бағдарламаларға тарту, ерекше күтімді қажет ететін азаматтарды қолдау, жол бойынан қызмет көрсету орындарын ашу, бос жерлерді тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту, санитарлық тазалық, абаттандыру жұмыстары, ауылішілік жолдарды жөндеу, балалардың ойын алаңдарын көбейту, балабақша ашуға кәсіпкерлерді тарту, Өлеңті ауылына кірме жолды жөндеу сынды жұмыстарды қолға алатынын айтты.
Уашев Өтеген Қайыржанұлының сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік бағдарламаларды халыққа кеңінен түсіндіру, мал шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнеспен шұғылдануға ниет білдірген азаматтарды қолдау, жұмыссыздарды жұмыспен қамту, күл-қоқыс полигонын реттеу, Күсепқалиев көшесіне газ тарту, тұрғын үй, балабақша салу, спорт нысандарын салу, тағы да басқа мәселелер қамтылған.
Шалабаев Мұса Кеңесұлы сайлауалды бағдарламасында ҚР Президентінің Жолдауларынан, мемлекеттік бағдарламаларынан туындаған міндеттерді жүзеге асырып, округтің әлеуетін арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, жетіспейтін мамандар мәселесін шешу, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету, жұмыссыз азаматтардың кәсіптік білім алуына жәрдемдесу, ауылішілік жолдарды жөндеу, жаяу жүргінші жолын салу, Жымпиты, Өлеңті, Біріншімай ауылдарын жарықтандыру жұмыстарына басымдық беретінін айтты.
Үміткерлердің бағдарламаларын тыңдаған аудандық мәслихат депутаттары оларға сауалдар қойып, ұсыныстарын білдірді.