Бүгін аудандық мәслихат депутаттары Аралтөбе ауылдық округінің әкіміне үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларын тыңдады. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева төрағалық етіп, үміткерлердің сенім білдірген адамдары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Аралтөбе ауылдық округінің әкіміне үміткер Мұхитов Әділхан Рахымжанұлы Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында белгіленген басым бағыттарды басшылыққа алып, ауылдық округтің әлеуметтік дамуына ықпал ету, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес жұмыс орындарын ашу, кәсіби білім алуды ұйымдастыру, жастар мәселесі, шағын және орта бизнесті дамыту, абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту, бұқаралық спортқа көңіл бөлуді басты назарда ұстайтынын айтты.

Тоқтаров Арман Мәжитұлының сайлауалды бағдарламасында жол, электр желісін жөндеу, санитарлық тазалық, шағын кәсіпкерлік, мал шаруашылығын дамытуға ықпал етіп, мемлекеттен берілетін жеңілдіктерді алуға, тұрғындардың денсаулығын нығайтып, жастардың салауатты өмір салтын ұстану, ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыстану мәселелері бар екен.

Үшінші үміткер Усағалиев Руслан Қайратұлы Елбасының бағдарламаларынан туындайтын міндеттерді басшылыққа алып, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасау, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануда спортпен шұғылдануды дамыту, жастарды ауылға тұрақтандыру, экологиялық жағдай, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға берілетін несиелер туралы кеңінен түсіндіру қамтылған сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Аудандық мәслихат депутаттары үміткерлерге әкім болған жағдайда қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыруда қандай шаралар атқарар едіңіз, қандай абаттандыру жұмыстарын жүргізер едіңіз, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалай жұмыстанар едіңіз деген сауалдар қойды.

 

 

 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА