Бүгін Сырым ауданына таңдаушылармен кездесу үшін жаңағы ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат Нариман Төреғалиев келді. «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев төрағалық етті. Айта кетейік, биыл 28 маусымда ҚР Президенті Н. Назарбаевтың 2017 жылғы 27 сәуірдегі №468 жарлығына сәйкес ҚР Парламенті Сенатының депутаттарының сайлауы өтеді.

Нариман Төреғалиев - күні бүгін Орал қаласының әкімі лауазымында. Ол кісі қала билігіне келгенге дейін шаруа болып ширап, басшы болып білім - білігін қалыптастырып үлгерді. Кейінгі жылдары аудан басқарды, сосын өңір басшысының орынбасары болды. Әйтеуір, Нариман Төреғалиевтің қоңыр былғарылы орындыққа көктен келіп, қонжия салған адам емес екен анық. Бұл біздің қоғам өкілі ретінде бағамыз. Біздің сөзімізге қарап тұрған жоқ, Нариман Төреғалиевтің ресми өмірбаяны да бай. Өмірбаянды таңдаушыларға кандидаттың сенімді Сырым ауданындағы өкілі Саламат Иманғалиев таныстырды. Кейін таңдаушылар кандидаттың сайлауалды бағдарламасын тыңдады.

- Менің еңбек жолым экономиканың көптеген салаларымен тығыз байланысты болғандықтан, өңіріміздің негізгі проблемалары маған таныс. Себебі, мен қарапайым жұмысшыдан бастап еңбектің барлық сатысынан өттім. Атап айтқанда, ауылшаруашылығы саласы, бизнес, әлеуметтік сала, табиғи монополияларды реттеу, аудан, қала басшылығы лауазымдарын атқардым. Сондықтан, менің сайлауалды бағдарламам халықтың мақсат - мұраттары, тілектері негізінде құрылған. - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер Нариман Төреғалиев.

Расымен де, Нариман Төреғалиев бағдарлама құрмай - ақ та, өңірдің негізгі мәселелерін беске біледі. Кандидат мырза облыс орталығын алыс аудандармен жалғайтын автокөлік жолдарын жөндеу, электр желілерін жаңарту және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелеріне қозғау салуды мақсат қылып отыр. кандидаттың тағы бір «авторлық» ұсынысы - мемлекеттік бағдарламамен ауылға үй салу. Ауылға үй салу дегенде, қалатиптес аудан орталықтарының көшелерін толықтыру емес, кәдімгі шалғай ауылдарға жаңа, әдемі, сәулетті үйлерді тұрғызуды айтып отыр. Бұл арқылы, біріншіден жас мамандар мемлекеттік бағдарлама арқылы ауылдан лайықты баспанаға қол жеткізеді алады. Екіншісі, және ең қарапайым тиімділігі - ауылдағы көшу азаяды. Мемлекетті орнықтыру ауылды сақтаудан басталады. Бүгін осы тақырып біраз әңгіме болды. Бұл әңгіменің арғы жағында рухани жаңғырудың үні жатқаны тағы белгілі.

Жиналысқа қатысқан аудандық мәслихаттың депутаттары үміткерге сәттілік тіледі.

 

 

 

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ, 
Сырым ауданы