Мал ұрлығы - Сырым ауданы көлемінде дауасы табылмай тұрған дерттің біріне айналып отыр. Осы мәселе жуырда (01.02.2017ж) аудандық қоғамдық кеңестің отырысында кеңірек талқыланды. Отырысқа кеңестің төрағасы Әнуарбек Ғалымов төрағалық етті.

Өткен жылдың 12 айында Сырым ауданында 191 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліпті. Осы оқиғалардың 75 - і - мал ұрлығы. Мал ұрлығы оқиғалары негізінен Алғабас, Бұлдырты және Аралтөбе ауылдық округтерінде жиірек тіркелуде. Оқиғалардың орын алуының басты себебі - ол, мал иелерінің салғырттығы. Малдың бағымына жауапты адамдар болмағасын, қарақшылық әрекеттер де еркін әрі жиі жүзеге асуда. Күн тәртібіндегі аудандағы қылмыстың алдын - алу жұмыстары жөнінде баяндама жасаған аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Закин осылай дейді. Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Талғат Кенжеахметов өзінің жергілікті полиция қызметін жетілдіру туралы хабарламасында әріптесінің сөзін толықтырды.

Бұл мәселе бойынша аудан әкімі Абат Шыныбеков өзінің пікірін білдірді. Әкімнің сөзінше, қылмысқа жергілікті полиция жөнді тосқауыл бола алмай отыр. Тосқауыл болса, мәселе басқаша өрбір еді. Тұрғындар қылмыскерлерден жапа шегеді, бар дүниесінен айырылады. Сосын жәрдем іздеп ішкі істер бөліміне келеді, ал бұл бөлім болса кінәні сол адамның өзінен іздейді. Жатқан - айналсоқ. Осындай пікірді ауданның прокуроры Мейірхан Ізімов те білдірді. Прокурор мырза ішкі істер бөлімі жанынан қоғамдық кеңес ұйымдастыруға ұсыныс берді. Қоғамдық кеңес жариялылық, ашықтық үшін керек сияқты.

Қоғамдық кеңеске қатысушылар жоғарыдағы мәселе бойынша көпке дейін пікірталасқа барды. Сол сияқты аудан аумағындағы иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларының орындалуын баяндаған аудандық мал дәрігерлік бөлімінің басшысы Шайхислам Кәрімовтың баяндамасы да біраз сыналды. Мәселелер бойынша кеңес мүшелері Асан Жүсіпов, Саламат Қаналиев, Сайлау Үкиев пікір білдірді.

Кеңес жұмысын төраға Әнуарбек Ғалымов қорытындылады.