Оған Сырым аудандық мәслихатының І-ші, ІІ-ші, ІІІ-ші, ІҮ-ші және Ү шақырылымдардағы депутаттары, аудан әкімі, облыстық мәслихаты аппаратының бас маманы Қисметова Ұлжан Өтелгенқызы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, ауданның дербес бөлім, мекеме басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының уәкілдері қатысты.

 

 

Салтанатты жиынның ашылуы

 

Салтанатты жиында Сырым ауданының әкімі Абат Абайұлы Шыныбеков жиынға қатысушыларды құттықтады:

«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлемде ашық мемлекет кұруға кірісті. Еліміздің әлем аренасындағы орны мен беделі асқақтап, Қазақстан халқының ертеңге деген сенімі нығайды. Қазақстан дербес, қуатты және ілгерішіл мемлекетке айналды. Еліміздің аз уақыт ішінде осындай жетістіктерге жетуі әрине Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі екенін жақсы білеміз.    

Биылғы жылы барлық деңгейдегі мәслихаттардың Ата заңды, ҚР Президентінің стратегиялық даму бағдарламаларын басшылыққа алып, жұмыс атқарып келе жатқанына 20 жыл толып отыр. Осы аталған кезеңде жергілікті мәслихаттар көптеген игілікті істердің ұйымдастырушысы, ұйытқысы болып, ауданның экономикалық, әлеуметтік рухани дамуына сүбелі үлес қосты десек артық айтқандық емес.

Ата Заңымызда «Жергілікті өкілді органдар - мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды» - деп нақты көрсетілген.

Кейін конституциялық реформа бойынша жергілікті өзін-өзі басқаруда жаңа үрдіс қалыптасып, мәслихаттардың мәртебесі күшейді. Жергілікті мәслихаттар мен олардың депутаттарының өкілеттілігі кеңейтілді. Осылайша, мәслихаттар мен олардың депутаттарының саяси рөлі арта түсті. Нақтырақ тоқталсақ, олар ауылдық округ әкімдерін сайлау құқына ие болса, сондай-ақ, облыс және аудан әкімдерін тағайындау мәслихат депутаттарының келісімімен жүзеге асырылатын болды. Бұл өз кезегінде оларға деген халықтың сенімінің нығайғаны және жауапкершілік жүгінің артқаны деп білеміз.    Жергілікті атқарушы орган мен өкілетті органның арасындағы бірлескен іс-қимылдардың нәтижесінде біз кез келген маңызды мәселелерді талқылап, оны шешуге атсалыса жүріп, өзіміздің азаматтық көзқарасымызды танытып, демократияны өркендетуге үлес қосып келеміз.

 

 

Сырым ауданының әкімі Абат Абайұлы Шыныбеков

 

Еліміздегі көшбасшы партияның мүшесі болып табылатын 12 депуататтан тұратын аудандық мәслихат құрамы өз құзыреті шегінде аудан халқының мұң-мұқтажын тыңдап, оны шешуге оң ықпалын тигізіп келеді.  Соңғы 10 жылдың ішінде аудан бюджеті 743 млн. теңгеден 3 млрд. - қа дейін ұлғайғанынан аудан экономикасының қандай деңгейде дамығанын байқауға болады. Бұл тұрғыда қазіргі уақытта ауданның 62 пайызы көгілдір отынмен, 70 пайыздан астамы сапалы ауыз сумен және аудандағы тұрғфн үй құрылыстарының және әлеуметтік нысандардың күрделі жөндеуден өтуін айтуға болады. Бұл сәйкесінше мәслихаттардың қоғамдағы рөлінің артуына бірден-бір ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Қадірменді мәслихат депутаттары!

Осы мерейтой қарсаңында Сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін. Елбасы өзінің Жолдауында «Еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Ондағы басты мақсат - Қазақстанның 30 дамыған мемлекетінің қатарына қосылуы, стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту - ортақ парыз, абыройлы міндет» деп атап өткендей, «Мәңгілік Ел» стратегиясынан туындаған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда бірлескен жұмыстарымыз әрдайым нәтижелі бола берсін. Халық қалаулыларына деген ел сенімі арта берсін. Еліміз аман, Жұртымыз тыныш болсын!»

Құттықтау сөзден соң аудан әкімі А. Шыныбеков марапаттауларды табыстады.

 

 

Сырым ауданы әкімі А. Шыныбековтың Ү шақырылымдағы аудандық мәслихаттың депутаты В. Жұмағалиевке Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрлігінің «»Құрмет грамотасын»  табыстауы

 

Бұдан әрі Сырым ауданы мәслихатының хатшысы Ануар Ғалымұлы Галимов «Сырым аудандық мәслихаты 20 жыл белесінде» баяндамасын жасады:

«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық. Қоғамды демократияландыру үдерістерінде жергілікті өкілді органдардың, халық билігінің негізгі формасы ретінде, мәслихаттар мен жергілікті өзін өзі басқару органдарының маңызы өте зор. 

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан саяси және экономикалық үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мұнда жергілікті өкілетті органдар өкілдерінің сүбелі үлесі бар. Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен еліміздің 1993 жылғы Конституциясы қабылданғанда жаңа тәуелсіз, егемен мемлекеттің негізгі аяққа тұруы басталды. Дәл сол жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жергілікті мемлекеттік органдар құрылымына маңызды өзгерістер енгізген «Жергілікті билік және атқарушы органдар туралы» Заң қабылдады. Жергілікті өкілетті органдар - мәслихат, жергілікті атқарушы органдар әкімшілік болып аталды. Мәслихаттар және әкімшіліктер «жергілікті мемлекеттік басқару органдары» деп жалпы атауға біріктірілді. Ұйымдастырушылық жағынан жергілікті органдар «бір-бірінен бөлінген, әрқайсысының өкілеттігі, мәселелер аясы мен өз құзыреті бар».

 

 

Сырым аудандық мәслихат хатшысы Ануарбек Галимов

 

1994 жылдың наурыз айында елімізде Қазақстанның саяси көзқарасындағы жаңа толқынды танытқан жергілікті өкілеттік билік органдары - мәслихаттарға алғашқы сайлаулар басталды.

Осы мерзімде мәслихаттардың сайлауы бес рет өткізілді.

1994 жылдың 7-ші  наурызында  Қазақстан  Республикасы  жоғарғы Кеңесінің және  жергілікті  өкілді  органдарының  депутаттарын сайлауы  жөніндегі  Заңға сәйкес 15 аудандық  округте  сайлау  өткізіліп,  аудандық  мәслихаттың  депутаттығына  15 депутат  сайланған болатын.

І шақырылымдағы аудандық мәслихаттың хатшысы - Б. Тілегеновке «Қазақстан мәслихаттарына - 20 жыл» мерекелік медалін тапсыру сәтінен

 

Сырым аудандық  мәслихатының  депутаттары өз  қызметін 1994 жылдан  26 наурызында  бастады. Бұл кезең тәуелсіз  республикамыздың басқару  жүйесінде  әкімдер  институты  жаңа ғана  құрыла  бастаған, елдің  саяси  экономикалық  өмірінде  өтпелі  деп аталатын ұзақ та, қиын  кезеңнің  басы  ғана еді. 

Нарықтық қатынастардың өмірге берік еніп, экономикалық тұрақтандыру мәселелері өткір қойылып отырған осы кезеңде аудандық мәслихаттың депутаттары  аудан  тұрғындарының  арасында  елеулі түсінік  жұмыстарын жүргізді. Бұл ең алдымен еңбек өнімділігін арттырып,  тәртіп пен  тапсырылған  жұмысқа жауапкершілікті арттырып, адамдар арасында түсіністік пен  тыныштықты сақтап қалды.

Екінші  сайланған  аудандық  мәслихат өз  жұмысын  бастаған кез, елімізде өндірістік  байланыстар енді  нығайып,  экономикамыздың жаңа  оңала бастаған, екіншіден, демократиялық  қатынастар кең  қанат  жая  бастаған  кез еді. Қоғамның  демократиялануының  бір көрінісі  осы  біздің  екінші  сайланған  аудандық  мәслихат  болды десек артық емес. Есімізде, аудандық  мәслихат депутаттығына 51 адам ынта  білдіріп, кандидат  болып  тіркелді,  яғни  бір орынға 3-5  адамнан  үміткер  болды.                

№4 Бұлан сайлау  округінде  қайтадан  сайлау  өткізілді.

Егер  аудандық мәслихаттың  бірінші шақырылымында олардың құрамында  15 депутат болса, кейінен Өлеңті ауылдық  округінің  Жымпиты ауылдық округына қосылуына, Жетікөл, Сарой, Елтай, Талдыбұлақ ауылдық  округтарындағы сайлаушылар санының  азайуына  байланысты 3 сайлау  округі қысқарып ауданда 12 сайлау округінен 12  депутат сайланды.

2001 жылы аудан экономикасы жақсы қарқын алды, жыл ішінде  аудандық мәслихаттың 11 рет  сессиясы өткізіліп,  аудандық  бюджетке 7 рет  өзгертулер  мен  толықтырулар енгізілді.  Бұл  сөз жоқ, аудан  экономикасының  өрлей  түсуі арқасында  мүмкін болған еді.

2001 жылғы 23 қаңтарда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы  жергілікті мемлекеттік  басқару  туралы» Заңынын  қабылдауына  байланысты  мәслихаттың жұмыс  регламенті  қайта қаралып бекітілді, 3 адамнан штаттық бірліктен тұратын мәслихат аппараты құрылды.

Конституциялық реформалардың маңыздылығы туралы Президент  «Жаңа саяси жүйеде мәслихаттар әрекетінің табиғаты өзгереді. Олар азаматтық қоғам сұранысын ілгерлетуді қамтамасыз ететін жеке билік органы болады» деп атап көрсетті.

Аудандық мәслихат жұмысының негізгі принципі - түсіністік, атқарушы органдармен тығыз байланыс, ортақ іске бірге жұмылу. Сонымен қатар, былтырғы жылдың 3 желтоқсанында Президенттің Жарлығымен мәслихаттардың функциялары мен іс-әрекетін, міндеттерін нақты реттетін типтік регламент бекітілді.

Депутаттар қоғамдағы үдерістердіңмазмұнын жіті түсінеді. Олар депутаттық корпус алдындағы міндеттерді шешудегі  өз орындары мен рөлдерін сезіне біледі.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, «Нұр Отан» - парламенттік партия. Сондықтан, партия жұмысының күшеюнің негізгі тетігі - барлық деңгейлі мәслихаттардағы фракциялардың әрекеті.  

Депутаттар - партия мүшелері аудандық мәслихаттың негізін құрайды. Аудандық мәслихаттың 12 депутатының барлығы да «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Депутаттар мәселелерді зерттеу, саралау мақсатында сайлау округтерінде, ауылдарда, халықпен жиі кездесулер өткізіп тұрады.

Осы орайда, биылғы жылы жергілікті өкілетті органдар - мәслихаттардың алғашқы сайлауларына 20 жыл толғаның мақтанышпен айтуға болады. Бұл елдегі алғашқы бәсекелесті сайлаулар болды. 

Елдің дамуымен халықтың  әлеуметтік-экономикалық жағдайы да өзгеріп отырады, сондықтан да әрбір шақырылымдағы мәслихаттар экономика мен қоғамдағы маңызды рөлге ие болып қала береді. Арада өткен жылдары  мәслихат құрамына өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларындағы бірқатар таңдаулы өкілдер сайланды,  олардың көпшілігі өздерін іскер басшы, ұйымдастырушы ретінде көрсете алды.  Халық қалаулылары ретінде тұрғын халықтың  мұң-мұқтажы, талап-тілектерімен көп жұмыс жасады. Қалын бұқара мен билік органдары арасында алтын көпір болды.   Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлестерін қосты.

Бүгінде өкілетті органдар өзінің өміршендігін, ал депутаттар кәсіптік қабілеттілігі мен қызметтік  жауапкершілігін толық дәлелді деп сеніммен айтуға болады. Бұл мерейтойлық датаның жергілікті өзін өзі басқарудың өкілетті органдарының қалыптасуы мен дамуының белгілі бір кезеңінің қорытындысы ретінде ерекше маңызы бар. Аталмыш жауапты міндеттерді орындауға өткен төрт шақырылымның және қазіргі бесінші шақырылымның депутаттарының күш-жігерлері жұмсалуда. Өзіміздің білімімізді, өмірлік тәжірибемізді, қарым-қабілетімізді біріктіре отырып, нақтылы нәтижелерге жете алатынымызға сенемін.

Елбасы Стратегиясы мен партияның жаңа  Доктринасындағы тапсырмаларды жүзеге асыруға жергілікті тұрғындардың өкілді тұлғалары - депутаттар да сүбелі үлес қоса береді деп сенім білдіреміз...»

Баяндамадан соң аудандық мәслихат хатшысы А. Галимов «Қазақстан мәслихаттарына - 20 жыл» мерекелік медальдары мен аудандық мәслихат хатшысының «Алғыс хаттарын» табыстады.