2014 жылдың 12 қыркүйегі күні Сырым ауданы Жымпиты ауылында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат Мұқаев Ерболат Рахметұлының  таңдаушылармен кездесуі болып өтті. Оған кандидаттың сенім білдірген уәкілі Ш.Дүйсенғалиева, аудандық мәслихаттың  депутаттары және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттығына кандидаттар: Батырханов Айдар Тапашұлының сенім білдірген уәкілі - Баяндыков Арман Толқынұлы; кандидат Мусин Қуат Наурызұлының сенім білдірген уәкілі Нурпейсов Салауат Жолайұлы және кандидат Сакказов Асылбек Ғалымұлының сенім білдірген уәкілі Балғалиев Айдынғали Базарғалиұлы қатысты.

Кездесуде кандидат Ерболат Рахметұлы өз сайлауалды бағдарламасымен жан-жақты таныстырып, таңдаушылардың қойған сауалдарына жауап берді.

 

 

Кандидат

Мұқаев Ерболат Рахметұлы

 

Батыс Қазақстан облысы Фурманов (қазіргі Казталов) ауданы Фурманов ауылында 1961 жылы 8 желтоқсанда жұмысшы отбасында дүниеге келген.

Қазақ.

1984 жылы Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірді, мектепте жұмыс істеді.

1985-1986 жылдары Қазақстан ЛКЖО Фурманов аудандық комитетінің хатшысы, ал 1987-1988 жылдары Қазақстан ЛКЖО облыстық комитетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды.

1986 жылы Мәскеуде БЛКЖО Орталық Комитеті жанындағы жоғары комсомол мектебін, ал 2004 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін бітірді.

1988-1990 жылдары Қазақстан ЛКЖО Фурманов аудандық комитетінің 1-ші хатшысы қызметін атқарды.

1990 жылы Фурманов аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды.

1992-1993 жылдары Фурманов аудандық статистика бөлiмiнiң бастығы болып қызмет атқарды.

1993 жылдың қаңтар айынан 2007 жылға дейін келесі лауазымдарды атқарды: Фурманов аудандық әкімшілігі басшысының орынбасары, Жалпақтал ауданы әкімінің орынбасары, облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы бастығының орынбасары, Орал қаласы әкімінің орынбасары, 2007 жылдың қыркүйегінен Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы.

2008 жылдың желтоқсан айынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Қаржы және бюджет комитетінде жұмыс атқара жүріп, еліміздің экономикалық қайта жаңару шараларына белсене ат салысты. Экономикалық заңнамаларды қалыптастыру проблемаларымен айналысу барысында қолданыстағы бюджеттік және салық жүйесінің құрылуына үлкен үлес қосты.

Өзекті заң жобаларын қарастыру кезінде өзінің принципшіл, салмақты және сауаттылығының арқасында Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері және Орал өңірі халқының арасында зор бедел мен құрметке ие болды.

ТМД ПАА, ОДКБ жөніндегі тұрақты комиссия, Австрия Республикасының Федералдық Жиналысымен ықпалдасу тобы, АҚШ Конгресі, Венгрия Республикасының Мемлекеттік Жиналысы, Израиль мемлекетінің Кнессеті, Кувейт мемлекетінің Аль-Умма Мәжілісі, Сауд Арабиясы Патшалығының Консультативтік кеңесі, Жапония, Сингапур, Үнді Республикасы, Беларусь Республикасының Парламенттері секілді халықаралық мекемелермен жұмыс барысында Қазақстан Республикасын лайықты түрде таныстыра білді.

2004 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

«Құрмет» орденінің иегері, ТМД ПАА Кеңесінің құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталған.

Үйленген, екі бала тәрбиелеуде.

2014 жылдың 5 тамызында Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Казталов және Сырым аудандық мәслихаттарының сессияларымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат болып ұсынылды.