19.07.2021 жыл

Сырым ауданының әкімі Т.Турегалиевтің

депутаттар алдында есеп беруге

баяндама желісі

Құрметті мәслихат депутаттары, сессияға қатысушылар!

Атқарылған істер алда тұрған міндеттер мен мақсаттарға жол ашатыны белгілі. Олай болса, еліміздегі шектеу шараларына байланысты онлайн түрде ағымдағы жылдың І жартыжылдығында аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер.

БЮДЖЕТ

Аудан бюджетінің 2021 жылғы кірісінің көлемі 6 млрд. 17,2 млн. теңге. Ал бірінші жартыжылдыққа 946,2 млн теңге жоспарланса, орындалуы  1 млрд. 213 миллион теңге көлемінде болды немесе  128,2 %-ды құрады. Соның ішінде өзіндік кірістер 204,9 млн. теңге көлемінде жоспарланып, нақты аудандық бюджетке 345,9 млн. теңге түсті. Бюджеттің шығыс бөлігі 944,9 млн. теңгеге немесе 99,9 пайызға игерілді.

ИНВЕСТИЦИЯ

Аудандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2021 жылдың  6  айында  1 млрд. 92,6  млн. теңгені құрап, 2020 жылдың тиісті кезең деңгейінің 40,1 пайызын құрап отыр. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен  тартылған инвестиция 19,0 млн. теңгені құрады.   

Ауданның дамуына оң әсерін беретін көрсеткіштердің бірі жеке инвестиция. Бұл орайда жыл басында жоспарланған жобалар шеңберінде 1 млрд. 73,6 млн. теңге инвестиция тартылды. Өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда (605,1 млн теңге) 1,8 есеге өсіп отыр.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ

Ауданның ауылшаруашылығы саласында 419 шаруа қожалығы еңбек етуде. Ауылшаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 2,3 млрд. теңгені құрап, 2020 жылғы көрсеткіштен 1,3 млрд. теңгеге артық орындалып отыр.

2020 жылғы мал қыстағындағы жағдай қалыпты болып, биылғы жылдың мал қыстағына әзірлік жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нақты айтқанда  дайындалған мал азығы 93,6 мың.тонна, яғни  жылдық жоспардың 55,5 пайызы (жылдық жоспар 168,7 мың тонна).

Аудан бойынша 14652 гектар алқапқа 26 шаруашылық егін салды, атап айтқанда: күздік егістің көлемі 3830 гектарды құрайды, ал көктемгі егістік жердің көлемі 10822 гектарды құрады. Сонымен қатар, 1538 га алқапқа екпе шөптер егілді.

Егілген 8591 гектар күздік және жаздық дәнді дақылдардың қазіргі уақытта 4435 гектары жиналды. Яғни егілген алқаптың жиналуы бойынша 51,6 пайызы орындалып тұр.

Аудан шаруашылықтарымен 343 асыл тұқымды бұқа (123 шаруашылық), 518 асыл тұқымды қашар сатып алынды. Биылғы жылдың 1 маусымына ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің (қызмет) нақты көлем индексі 100,2% құрады.

Тағы бір айта кететін мәселе, жылдан жылға шаруашылықтардың малы көбеюімен қатар, жеке сектор малы да көбеюде, сәйкесінше жайылымдықтар жетіспеуі байқалады. Бұл мәселені шешудің бірден бір жолы ауылдық жерлерде кооперативтер құру деп жыл басында айтқан болатынбыз. Ауданда бүгінгі күні 22 ауылшурашылығы өндірістік кооперативтері (бұдан әрі - кооператив) тіркелген (407 мүшесі бар), соның ішінде 21-і селекциялық асылдандыру, 1-уі бордақылау бағытында құрылған. Биылғы жылы осындай кооператив Қособа ауылдық округінен құрылып, тұқымдық түрлендіру бағытында жұмысын бастады. Жоғарыда аталған кооперативтердің 17-сі жұмыс жасап тұр (342 мүше). Оларда 2851 бас ірі қара, 2781 бас ұсақ мал тіркелген. Биылғы жылы осы кооперативтердің жұмысына талдау жасалып, жұмысы тоқтап тұрған кооперативтердің жұмысын қайта жандандыру мақсатында 6 кооперативтің төрағалары ауыстырылып, мал басын тіркеп, тұқымдық түрлендіруге қатысуда.

Шаруашылықтар материалдық базаларын жаңарту мақсатында 24 дана ауылшаруашылық техникаларын  231,5 млн. теңгеге сатып алды. 

 

КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ

Ауданның кәсіпкерлік саласында 2021 жылдың 1 шілдесіне 1167 (соның ішінде жұмыс жасап тұрғаны 1075) шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалып отыр (2020 жылдың 1 шілдесіне - 1145). 

2021 жылдың І жарты жылдығы бойынша, «Бастау» мемлекеттік бағдарламасы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық кредиттық корпорациясы» АҚ арқылы 15 кәсіпкер 72,9 млн. теңге несиеге  80 бас ірі қара, 163 бас ұсақ мал, 47 бас жылқы және 1 дана автокөлік сатып алды.

Шағын және орта бизнес саласында 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, атап айтқанда: жеке кәсіпкер «Какимова Г.» «Жасмин» мейрамханасын (7 адамды тұрақты жұмыспен қамтылды,  ал нысанның құрылысы кезінде 20-дан астам адам уақытша жұмысқа тартылды), жеке кәсіпкер «Мақсотова М.» Шідерті өзенінің жағасынан демалыс орнын, жеке кәсіпкер "Надиров Т" Жымпиты ауылынан «АЗИ» азық-түлік дүкенін ашса, Жымпиты ауылынан "Мәди" жеке кәсіпкерлігі  жеке монша құрылысын аяқтап, іске қосты.  Елтай ауылдық округінен де "Қарабура" шаруа қожалығы жеке монша құрылысын аяқтады. Іске қосатын болады. Аталған жобалар шеңберінде 11 адам жұмыспен қамтылды.

Алдағы уақытта кәсібін бастағысы келетін кәсіпкерлерге ұсыну мақсатында ауданнан 25 бос жерлер белгіленіп,  «Смартмап» сайтына еңгізілді. Атап айтқанда: автосервис, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру орындары, жеке балабақша, жол бойынан кемпинг, жүн түту цехын салуға және тұрғындарға басқа да қызмет көрсету орындарын салуға беру жоспарланып отыр.

АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ

Елімізде ерекше назарға алынған мемлекеттік шаралардың бірі – халықты сапалы ауыз сумен қамту. Қазіргі уақытта 85,8 пайыз тұрғындар  орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып отыр. Осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында биылғы жылы Қособа ауылынан  3,9 млн. теңгеге шахталық құдық қазылса, Қосарал ауылына Боқай нүктесінен 5,5 млн. теңгеге 2 құдық қазылды.  

ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЖОЛДАРДЫ ЖӨНДЕУ

Есептік кезеңде аудандағы құрылыс жұмыстарының құны 1 млрд. 98 млн. теңгені құраса, тұрғындармен 21 үй салынып, іске қосылған.

Өткен жылы ауылішілік  және кіре беріс жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілсе биылғы жылы да осы мақсатта Жымпиты ауылының Исаев, Есенжанов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Есенжанов көшесі бойынша жұмыстар аяқтала келді, Исаев көшесі бойынша 80 пайыз жұмыстар аяқталды.

Мұның сыртында 2020 жылы басталған Тоғанас ауылына дейінгі кірме жолды орташа жөндеу және Ақсай-Жымпиты автожолының 149-159 шақырым аралығындағы жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Жымпиты ауылында жаяу жүргіншілер жолын жасақтау жұмыстары шеңберінде Сүйірбев - С.Датов көшесі, Асадуллин-С.Датов көшесі және Мұхит, Қажмұқан көшелерінде жаяу жүргіншілер жолы жасақталуда. Қазіргі уақытта Сүйірбев - С.Датов көшелері бойынша жұмыстар аяқталды.

Қосарал ауылының тұрғындары тарапынан есептік кездесулерде көтеріліп жүрген мәселенің бірі ауылға кіре беріс көпірді жөндеу болатын. Биылғы жылы бұл жұмыс толықтай аяқталып, тұрғындар игілігін көруде.

Жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында облыстық және республикалық жолдардың бойына МАИ қызметкерінің автокөлік макеттері, үй жануарларының сұлбалары және білім беру ұйымдарының қасына жол кедергілерін орнату, жаяу жүргіншілер жолағының тұсына мектеп оқушысының макеттерін орнату жұмыстары жүргізілді.

Тұрғындар тарапынан жыл сайын көтеріліп жүрген «Жымпиты-Орал», «Орал-Жымпиты» бағыты бойынша №226 жолаушылар тасымалы маршруты өз жұмысын 2021 жылдың 11 маусым күні бастады.

 

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Азаматтарды жұмыспен қамту мәселелеріне келсек ағымдағы жылдың 6 айында ауданда 237 жаңа жұмыс орындары (140-тұрақты, 97-уақытша) құрылды. Сонымен қатар, 190 адам жұмысқа орналасса, ақылы қоғамдық жұмыстарға 353 адам тартылса, әлеуметтік жұмыс орындарына  52 адам жолданды.  Тәжірибе жинақтау мақсатында 13 жас маман мекемелерге жіберілсе, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына барлығы 30 жас тартылды. Олар Жымпиты, Бұлдырты, Қосарал ауылдарында еңбек етуде. Азаматтарды қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамту мақсатында 16 адам оқытылып, оның 3-уі тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыссыз азаматтардың өз кәсіптерін бастауына бағыт беру мақсатында «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 85 адам оқытылды. Жұмыссыздарды ынталандыру мақсатында берілетін грант 50 адамға 29,2 млн. теңге көлемінде берілді. Оларды саралап қайрайтын болсақ, мал шаруашылығына - 12 адам, ағаш отырғызуға - 9 адам, құс шаруашылығына - 9 адам, өндірістік құрал-жабдық сатып алуға - 14 адам (тігін аппараты, кондитер, наубайхана құралдары, қымыз күбі), қызмет көрсету құрал-жабдықтарын сатып алуға - 6 адам (автосервис құралдары, косметолог аппараттары, ойын аланына ойыншықтар, сварка құралдары) грант алды. Олардың құрамында жастар, аз қамтылғандар, көп балалы отбасылар бар.

БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ

Өткен оқу жылында аудандағы 22 мектеп бойынша 3012 бала аяқтаған болса, биылғы оқу жылына 284 бала бүгінгі күнге бірінші сыныпқа қабылданып отыр.

Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 746 бала қамтылды, соның ішінде 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі оқыту және тәрбиемен қамту 73%, ал 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеумен қамту 100 %-ды құрайды. 

Білім беру саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында атқарылған келесідей жұмыстарды атап өтуге болады: ЖББ Аралтөбе орта мектебінің ауласына өрнектастар төсеу, төтенше жағдай салдарынан орын алған төбесінің ақаулығы жөнделді, ЖББ А.Жұмағалиев атындағы орта мектептің балабақшасына жөндеу жұмыстары жүргізілді, Көздіқара, Жамбыл, Қызылағаш, Тасқұдық негізгі мектептеріне әжетханалар орнату жұмыстары жүргізілуде, 15 компьютер жиынтығы мен мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті жабдықтар алынып берілді. Жоғарыда аталған жұмыстарға барлығы 42,0 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалды.

Оқушыларға қажетті 48 мың 837 дана оқулықты сатып алуға жергілікті бюджеттен 90,5 млн. теңге қаржы қаралып отыр.

 

МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ

2021 жылдың 6 айында мәдени-көпшілік және бұқаралық спорттық іс шаралар жоспарға сай ұйымдастырылды. Биылғы жылы оздырылып жатқан шаралар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында оздырылуда.  Өткізілген шаралардың басым бөлігі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн түрде өткізілді.

Есептік кезеңде барлығы 523 мәдени-көпшілік және бұқаралық спорттық шаралар оздырылып, 40,0 мыңнан астам көрермен қамтылды. 

Мәдени-көпшілік шаралардың ауқымды әрі негізгілеріне тоқталсам, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында Тоғанас ауылында аудандық «Қымызмұрындық», Бұлан ауылдық округінде «Ұлттық дәстүр – тәрбие негізі» атты аудандық байқау, жазушы, аудармашы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мұқадес Еслямғалиұлының                               75 жылдығына орай облыстық иллюстраторлар байқауы, облыстық жыр мүшәйрасы және эссе жазудан облыстық байқау оздырылды. Сонымен қатар, дәстүрлі әнші, термеші Бүкілодақтық Телевизиялық байқаулардың лауреаты Амангелді Ғұбайдулиннің 70 жылдығына арналған оқушылар мен жасөспірімдер арасында қашықтықтан «Амангелді, ақтаңгер, ән дүлділі» облыстық байқауы оздырылса, мектеп оқушылары арасында республикалық Қадыр оқулары байқауы өткізілді.  

Мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары күн тәртбінен түскен жоқ. Биылғы жылы Тасқұдық, Көгеріс ауылдарынан әмбебап спорт алаңдары салынса, Бұлдырты ауылынан спорт зал ғимаратын салу жұмыстары басталатын болады. Сонымен қатар, Жымпиты ауылы Алашорда көшесінде орналасқан ғимаратты реконструкциялап, музей ғиамараты ретінде қайта жасақтау жұмыстары 12 шілдеде басталды.

Биылғы жылы ауданымызда «Туған жер» бағдарламасы негізінде құны - 3 жоба жүзеге асып отыр. Барлық жоба құны – 1 млн 500 мың теңге.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ

Денсаулық сақтау жүйесінің қызметі Қазақстан Республикасының «Денсаулық» денсаулықты сақтау мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады және тұрғындар денсаулығының жағдайы көрсеткіштерінің негізгі индикаторларына қол жеткізуге бағытталған.

Тұрғындарды скринингтік тексерістен өткізу, профилактикалық тексерулермен қамту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді.

Ауданда маман тапшылығын мейілінше азайту масқатында  2020-2021 жылдары 2 жалпы тәжірибелік  дәрігер және дәрігер –эпидемиолог маман  жұмысқа орналасты. Бүгіңгі таңда ауданда анестезиолог-реаниматолог,  акушер-гинеколог және 2 жалпы тәжірибелік  дәрігерлері,  педиатр мамандары  жетіспейді.

Өздеріңізге мәлім қазіргі уақытта коронавируспен ауырып жатқандар саны күн санап артуда аудан бойынша КВИ жұқтырғандар саны 300-ге жуық, олардың ішінде ауру белгілері бар 229 адам болса, ауру белгілері байқалмаған 65 адам. Соңғы 2 аптадағы мәліметтерді алып қарсақ шілде айының 19-нан бері 31 адам КВИ жұқтырып, тестілеу оң нәтиже беріп отыр. Бүгінгі күні барлығы да тиісті емдерін алуда. Алайда, осы індетке қарсы тұратын бірден бір жол екпе алу болып отыр. Ол медицинамен дәлелденген, сондықтан жалған ақпаратарға сенбей екпе алуды өзімізден бастауымыз қажет. Ауданда бүгінгі күнге 4166 адам вакцина алды. Ауылдық округтердің ішінде Бұлан, Бұлдырты, Елтай, Аралтөбе округтерінде жұмыстар төмен деңгейде болып отыр.

ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ

2021 жылдың 6 айында аудан бойынша тіркелген қылмыстар саны 45-ті құрап өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға төмендеген (2020 жылдың І жартыжылдығы – 49 қылмыс).  Тіркелген қылмыстардың ішінде 42-сі ашылып, ашылу пайызы 93,3 пайызды құрап отыр. Қылмыстардың ішінде мал ұрлығы бойынша 4 факті тіркеліп, оның 3-уі ашылып, 1 ауыр санаттағы мал ұрлығы ашылған жоқ.

Әкімшілік құқықбұзушылық көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда 1097-ні құрап, 517 бұзушылыққа өсіп отыр. Салынған айыппұлдардың көлемі 5,6 млн. теңге, соның ішінде өндірілгені 5,1 млн. теңге, яғни 92 пайыз өндіріліп отыр.

Қадірменді жиынға қатысушылар!

Тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған істерді орындауда, аудан тұрғындарының игілігіне қызмет етуде бірлесіп іс-қимыл жасаудың маңыздылығы жоғары. Сондықтан бірлесіп атқарған жұмыстарымыз әрдайым жемісті болып, ауданымыздың әлеуеті арта берсін. Тыңдағандарыңызға рахмет.