Аудандық жер қатынастары

бөлімінің басшысы

Тоқтаров Арман Мәжитұлының

15.07.2021ж өткен кезекті сессияда

жасаған хабарламасы:

 

Сырым ауданы бойынша 2021-2022 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспар бойынша

 

Сырым ауданы бойынша 2021-2022 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 20 ақпандағы «Жайылымдар туралы», 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдарына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі №173 «Жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына  «Жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы бұйрығына сәйкес әзірленді.

Жоспар жайылымдарды ұтымды пайдалану, жемшөпке қажеттілікті тұрақты қамтамасыз ету және жайылымдардың тозу процестерін болғызбау мақсатында қабылданады.

Жоспар жайылымдарды геоботаникалық зерттеп-қараудың жай-күйі туралы мәліметтер, ветеринариялық-санитариялық объектілер туралы мәліметтер, иелерін-жайылым пайдаланушыларды, жеке және (немесе) заңды тұлғаларды көрсете отырып, ауыл шаруашылығы жануарлары мал басының саны туралы деректер, ауыл шаруашылығы жануарларының түрлері мен жыныстық жас топтары бойынша қалыптастырылған үйірлердің, отарлардың, табындардың саны туралы деректер, шалғайдағы жайылымдарда жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарларының мал басын қалыптастыру туралы мәліметтер, екпе және аридтік жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ерекшеліктері, малды айдап өтуге арналған сервитуттар туралы мәліметтер, мемлекеттік органдар, жеке және (немесе) заңды тұлғалар берген өзге де деректер ескеріле отырып қабылданды.

Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Сырым ауданында 12 ауылдық округтер, 38 ауылдық елді - мекендер орналасқан.

Сырым ауданының жалпы көлемі 1 188 843 га, оның ішінде жайылымдық жерлер 902 220 га.

Санаттар бойынша жерлер бөлінісі:

ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 602 640 га;

елді мекен жерлері – 140 017 га;

өнеркәсiп, көлiк, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жерлер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жерлер – 1 794,0 га;

су қорының жерлері – 37 га;

орман қорының жерлері – 5 103 га;

қордағы жерлер – 439252 га.

Аудан аймағы климаты тым континенттік, қысы біршама суық, жазы ыстық әрі қуаң, аңызақты келеді. Қаңтар айындағы ауаның жылдық орташа температурасы – 35 – 40°С, шілдеде + 25 + 30 °С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері – 100-150 мм.

Топырағы солтүстігінде сұр, құмайтты сұр, бозғылт сұр, Өлеңті аңғары мен жайылмасында шалғынды топырақ және шалғынды-батпақты топырақ қалыптасқан.

Ауданда 31 мал қорымдары, 24 сібір жарасы көмінділері және 12 ветеринариялық пукттер бар.

Қазіргі уақытта Сырым ауданында мүйізді ірі қара 47575 бас, ұсақ мал 82027 бас, 21710 бас жылқы саналады.

Ауданның кейбір ауылдық округтерінде жеке шаруашылықтардағы (елді мекен шегінде) мал басының өсуіне байланысты 13348,0 га жайылымдық алқаптардың жетіспеушілігі байқалады, атап айтқанда Алғабас ауылдық округінде 5186,0 га, Бұлдырты ауылдық округінде 5811,0 га, Қособа ауылдық округінде 2216,0 га және Сарой ауылдық округінде 135,0 га.

Шаруа қожалықтарында жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі байқалмайды. Барлық аудан көлеміндегі мал басына шаққанда 13348,0 га жайылымдық алқаптардың жетіспеушілігі байқалады.Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекеттік қордан жайылымдық алқаптарды ұтымды бөлу және елді мекен, ауыл шаруашылық мақсатындағы және Сырым ауданының мемлекеттік  қордағы жерлерінен бөлу есебінен ұлғайту арқылы шешілетін болады.